Бутан корольдігі () — Азияның оңтүстігінде, Шығыс Гималайда орналасқан мемлекет. Друкюл немесе “айдаһар елі” деп те аталынады. Жер аумағы 47 мың км². Астанасы — Тхимпху (50 мың). Халқы — 1,8 млн. (1998). Тибеттен шыққан моңғол расасына жатады. Мемл. тілі — дзонг-кэ (бхотия) тілі. Халқының көпшілігі будда дініндегі ламашылдық сенімді ұстанады. Заң қабылдаушы органы — Ұлттық Ассамблея (Цонгду). Атқарушы билік Министрлер Кеңесінің қолында.

Бутан — Шығ. Гималайдың биік тау аңғарларында, Брахмапутра өз. бойында орналасқан. Климаты муссонды, төм. белдеулерде тропиктік. Жерінің 64%-ін мәңгі жасыл орман алып жатыр. Бутанның ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы толық зерттелмеген. VI–VII ғасырларда Бутан территориясы қазіргі Үндістанның Ассам штатын қамтыған Брахмапутра өңіріндегі Камарупа мемлекетінің құрамында болған деген жанама деректер кездеседі. Камарупа құлағаннан кейін Бутанға бірнеше рет тибеттіктер басып кіріп, олардың едәуір бөлігі осында тұрақтап қалған. Тибеттіктер Бутанда өз мәдениеті мен ламашылдықты ұстанды. Біртұтас діни ұйымға біріктірілген Бутан XVII ғасырдың ортасында тәуелсіз теократиялық мемлекет болып қалыптасты. XIX ғасырдан 1947 жылға дейін Британия протектораты болды. 1907 жылы ағылшындардың көмегімен мұрагерлік монархия — Вангчуктер әулетінің билігі орнады. Ағылшын отарлық үкіметі Бутанның сыртқы саясатын қадағалағанымен, ішкі өміріне араласқан жоқ. 1949 жылы Бутан тәуелсіздік алды, бірақ шет мемлекеттермен байланысы Үндістанның бақылауымен жүргізіледі. 1954 жылы заң қабылдаушы органы — Цонгду құрылды. 1971 жылы БҰҰ мүшелігіне қабылданды. Оңтүстік Азияның барлық елдерімен, Үндістанмен, Жапониямен, Германиямен, т.б. елдермен дипломатиялық қарым-қатынастары бар.

Сөз төркіні Елдің ұлттық атауы — Друк-Юль (дзонг-кэ འབྲུག་ ཡུལ་, вайли ʼbrug-yul, лат. Juk yü) - «айдаһар елі», сөз жоқ, Шығыс халықтары арасында белгілі ежелгі айдаһар табынуын су құдайы және ауыл шаруашылығының қамқоршысы сияқты көрсетеді. «Бутан» атауы тибеттік «Bod + anta» атауларының қосылуы нәтижесінде пайда болды деп саналады, мұндағы Bod - «Тибет», ал anta - «соңы, шеті», яғни «Тибеттің шеті». Bhutan түріндегі бұл атау хинди, непал, бенгал тілдерінде қабылданған және Тибеттің аты ретінде қолданылады.

Дереккөздер

* Санат:БҰҰ мүше мемлекеттері